2025-2026 оқу жылының жаңалықтары (1-жарты жылдық)

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА - ТЫҢ СЕРПІН

Астанада дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Бұл жолғы жиын – ауқымы мен мазмұны жағынан да, көтерілген мәселелері мен қабылданған шешімдері тұрғысынан да айрықша болды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырза өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім саласына жасалып жатқан зор қолдауды атап өтті. Жаңа оқу жылы аясында 15 мектептің ашылуы, олардың ішінде «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынған 7 заманауи білім ордасының пайдалануға берілуі – осының нақты айғағы. Соңғы үш жылда 46 мектеп пен 2 оқушылар сарайының бой көтеруі – елорданың білім инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерген жетістік. Сонымен қатар студент жастарға арналған жатақхана мәселесі де жүйелі шешімін табуда.

Ал Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мырза өз баяндамасында білім саласындағы басым бағыттарға тоқталды. «БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ: АДАЛ АЗАМАТ – КӘСІБИ МАМАН» атты конференцияға еліміздің ғана емес, шетелдік сарапшылардың да қатысуы – біз үшін тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Конференция аясында елордалық ұстаздар марапатқа ие болды.