2022-2023 оқу жылының жаңалықтары

" Ән қанатындағы ғұмыр " іс-шарасы

Күні кеше Смағұл Садуақасов атындағы 78 мектеп-гимназияда Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың 150 - жылдық тойына орай және ұлы бабамыздың тойымен тұспа-тұс келетін " Қазақстан халқы тілдері " күні мерекесіне байланысты " Қазақ тілі және Әдебиеті пәні мұғалімдері ұйымдастырған " Ән қанатындағы ғұмыр " атты үлкен бір тамаша іс-шараның куәсі, құрметті қонағы болып ұстаз, айтыскер ақын Өтепбай Тоба Монтайұлы, әнші Almat Жаңбырбайұлы және мен үшеуміз барып қайттық.
Кездесу кеші Алмат Жаңбырбайұлының орындауында ақын Тоба Монтайұлы сөзін жазған " Ұлтымның Ұлы ұстазы " атты әніммен басталды.
Білім алушы шәкірттер өрелі өлең-жырларын оқып, қазақтың қасиетті домбырасымен күйін шертіп кездесу кешінің көркін қыздырды.
Кеш барысында айтыскер ақын, ұстаз Тоба Монтайұлы шәкірттерге ақ тілегін арнап, қазақтың бас ақыны Абай атамыздың өлеңін оқып, мектеп қабырғасында жүргенде кезде жазған алғашқы туындыларының бірін өзі домбырамен шырқап кештің ажарын аша түсті.
Кеш жүргізушісі сегіз қырлы, бір сырлы ұстаз, ақын, ғылыми еңбектер жолында талпынып үнемі ізденісте жүретін Мукият Қойшыбайұлы мен шәкірттері сұрақтар қойып тамаша бір пікір алмасқан кеш болды.Кеш соңында ақын Тоба Өтепбаев сөзін жазған " Алаш туы астында " атты әніміздің тұсауын кесіп өз орындауымызда тыңдарманға тарту еттік!
Сахнада үлкен экранда жүріп тұрған Караоке нұсқаға залда отырған білім алушы шәкірттер мен ұстаздар да қосылып шырқап тамаша бір сәт болды.
Кеш соңында мектеп әкімшілі алғыстарын айтып, құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпарттарын табыстап, естелік фото суреттерге түсіп, әр күніміз сәтті болсын, Еліміз еңселі, қуатты болсын деген тілекпен қуанып қайттық!
Басты мақсат Ұлылар есімін Ұлықтап,
Бабалар аманатын ұрпақтан - ұрпаққа жеткізу!
" Аманат "
Атам қазақ, біз қазақтың ұрпағы,
Ғасырларда жатыр ғажап сыр дағы!
Сақ пен ғұннан таралғанбыз ақиқат,
Тамырынан ажырамас жұрнағы.
Ел аманат, жер аманат біздерге!
Қарайықшы жүріп өткен іздерге!
Саф алтындай сақтап бәрін дәріптеп,
Жеткізейік кейінгі ұрпақ Сіздерге!
Қанат Уәлиұлы!